«Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының 2022 жылғы 5 қарашадағы № 155-VII Конституциялық Заңы (2026.23.06. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)

Предыдущая страница

2023.12.07. № 22-VIІІ ҚР Конституциялық Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 24 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2026.11.06. № 305-VIII ҚР Конституциялық Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2026 ж. 23 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

2. Прокуратура органдарының шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылы қылмыстық-құқықтық ынтымақтастық шеңберінде, сондай-ақ активтерді қайтару, инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша мемлекеттің мүдделерін білдіру, оның ішінде қылмыстық процестен тыс білдіру шеңберінде жүзеге асырылады.

 

30-бап. Прокуратура органдарындағы алқалар

1. Прокуратура органдарында алқалар құрылады.

2. Алқа жұмысының регламентін, оның құрамын прокуратура органдарының бірінші басшылары айқындайды.

3. Алқа отырыстарында прокуратура органдары қызметінің мәселелері, сондай-ақ Бас Прокурордың, прокуратура органдары бірінші басшыларының қалауы бойынша мүдделі адамдардың қатысуымен алқалы түрде қарауды талап ететін, заңдылықты бұзушылықтардың анықталуына байланысты өзге де мәселелер қаралады.

4. Алқаның шешімдері оның мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады және бағынысты прокурорлар мен өзге де жұмыскерлер үшін міндетті болып табылады.

 

31-бап. Нормашығармашылық қызметке қатысу

Прокуратура органдары заңдылықты қамтамасыз ету мақсатында:

1) өз құзыреті шегінде уәкілетті және өзге де мемлекеттік органдарға Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру туралы ұсыныстар енгізеді;

2) прокуратураның құзыреті мен функцияларын қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларын келіседі;

2026.11.06. № 305-VIII ҚР Конституциялық Заңымен 2-1) тармақшамен толықтырылды (2026 ж. 23 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді)

2-1) прокуратура органдарының инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствосы инвестициялық қызметті мемлекеттік реттеудің жаңа нысандары мен құралдарын қатаңдатуға не енгізуге байланысты заңдардың және өзге де нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша қорытындыларды келіседі және береді;

3) нормашығармашылық қызметте Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды орындайды.

 

 

5-тарау. ПРОКУРАТУРА АКТІЛЕРІ

 

32-бап. Прокуратура актілерінің жүйесі

1. Прокуратура актілерінің жүйесін мыналар құрайды:

2026.11.06. № 305-VIII ҚР Конституциялық Заңымен 1) тармақша өзгертілді (2026 ж. 23 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

1) прокурорлық қадағалау актілері: наразылық, санкция, нұсқау, ұсыну, қаулы, ұйғарым;

2) прокурорлық ден қою актілері: өтінішхат, арыз (талап қою), жолданым, Қазақстан Республикасы заңдарының бұзылуына жол берілмейтіні туралы түсіндірме;

3) прокуратура органдарын ұйымдастыру және олардың қызметі мәселелерін реттейтін актілер: бұйрықтар, өкімдер, ережелер, нұсқаулықтар, регламенттер және басқалар.

2026.11.06. № 305-VIII ҚР Конституциялық Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2026 ж. 23 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

2. Прокурорлық қадағалау және ден қою актілері заңдылықтың сақталуын тексеруді, заңдылықтың жай-күйін талдауды, күшіне енген актілерді бағалауды жүргізу, жолданымдарды қарау және осы Конституциялық заңда, Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды орындау нәтижелері бойынша енгізіледі және олар жіберілген органдардың, ұйымдардың және лауазымды адамдардың қарауы, орындауы үшін міндетті.

3. Прокуратура актілерін қарамау, сол сияқты тиісінше қарамау, орындамау не прокурордың заңды талаптарын орындамау Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.

4. Прокурорлық қадағалау және ден қою актілері енгізілгеннен кейін бұзушылық жасаған адамдарды жауаптылыққа тарту мерзімдері Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалатын тәртіппен осы акт бойынша шешім қабылданғанға дейін тоқтатыла тұрады.

 

33-бап. Наразылық

1. Прокурор Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне қайшы келетін заңды күшіне енген актілерге, мемлекеттік органдардың, мекемелердің, ұйымдардың, лауазымды және өзге де уәкілетті адамдардың шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) наразылық келтіреді.

2. Наразылық заңсыз акт, шешім қабылдаған мемлекеттік органға, мекемеге, ұйымға, лауазымды немесе өзге де уәкілетті адамға немесе жоғары тұрған органға не жоғары тұрған лауазымды адамға келтіріледі. Мемлекеттік органның, мекеменің, ұйымның, лауазымды немесе өзге де уәкілетті адамның заңсыз әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) наразылық осындай тәртіппен білдіріледі.

3. Прокурордың наразылығы күнтізбелік он күн ішінде тиісті органның немесе лауазымды адамның қарауына жатады.

Прокурор наразылық бойынша шешім дайындау және қабылдау қажеттілігіне қарай оны қараудың өзге де мерзімін, бірақ үш жұмыс күнінен кем болмайтын мерзім белгілеуге құқылы.

Наразылықты қарау нәтижелері туралы прокурорға жазбаша нысанда дереу хабарланады. Наразылық қаралғанға дейін оны келтірген не жоғары тұрған прокурор кері қайтарып алуы мүмкін.

Орган немесе лауазымды адам наразылықтың қаралатын уақыты мен орны туралы прокурорды хабардар етуге міндетті.

4. Наразылықта прокурор заңсыз актінің күшін жоюды не оны Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға, нормативтік құқықтық актілерге сәйкес келтіруді, сондай-ақ лауазымды адамның заңсыз әрекетін (әрекетсіздігін) тоқтатуды және бұзылған құқықты қалпына келтіруді талап етеді.

5. Наразылық бойынша шешім қабылданғанға дейін Бас Прокурор, Бас Прокурордың орынбасарлары, әскери және көлік прокуратуралары органдарының басшылары, облыстық және оларға теңестірілген (республикалық маңызы бар қалалардың және астананың) прокурорлар, аудандық және оларға теңестірілген (қалалық, ауданаралық, сондай-ақ мамандандырылған) прокурорлар наразылық білдірілген актінің не әрекеттің орындалуын тоқтата тұруға құқылы.

6. Қазақстан Республикасының заңнамалық актілері, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының, Жоғары аудиторлық палатаның актілері (жүргізілген тексеру қорытындылары бойынша) прокурорлардың наразылық білдіруіне жатпайды.

7. Заңды күшіне енген сот актілеріне наразылық келтіру, сондай-ақ олардың орындалуын тоқтата тұру негіздері, тәртібі, мерзімдері Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасында, Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасында, Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында және Қазақстан Республикасының әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамасында айқындалады.

 

34-бап. Санкция (келісім)

1. Прокурор заңда белгіленген жағдайларда құқықты шектейтін сипаттағы жекелеген әрекеттерді жасауға, заңмен қорғалатын құпияны қамтитын мәліметтерді алуға санкция (келісім) береді.

2. Санкцияны (келісімді) не оны беруден бас тартуды прокурор санкция (келісім) сұратуға негіз болған материалдар зерделенгеннен кейін лауазымды адамның қаулысына бұрыштама және қол қойып ресімдейді.

Санкция (келісім) беруден бас тартылған жағдайда оның себептері мен негіздері көрсетіледі.

3. Заңмен қорғалатын құпияны қамтитын мәліметтерді алуға байланысты жедел-іздестіру, қарсы барлау іс-шараларын және жасырын тергеу әрекеттерін қоспағанда, осы бапта көрсетілген әрекеттерге санкция (келісім) Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасына сәйкес электрондық цифрлық қолтаңба арқылы да куәландырылуы мүмкін.

 

35-бап. Нұсқау

1. Прокурор:

1) сотқа дейінгі тергеп-тексеру;

2) жедел-іздестіру қызметі және жасырын тергеу әрекеттері;

3) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қосымша тексеру жүргізу;

4) атқарушылық іс жүргізу;

5) жазаларды орындау;

6) прокуратураның талап етуі бойынша жүргізілетін тексерулер;

7) мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу мәселелері бойынша;

2026.11.06. № 305-VIII ҚР Конституциялық Заңымен 7-1) тармақшамен толықтырылды (2026 ж. 23 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді)

7-1) инвесторлардың құқықтарын қорғау және инвестициялық қызметті жүзеге асыру;

8) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де мәселелер бойынша жазбаша нұсқаулар береді.

2. Прокурордың өз құзыреті шегінде берген нұсқаулары орындау үшін міндетті.

 

36-бап. Ұсыну

1. Прокурор өз құзыреті шегінде:

1) заңдылықтың бұзылуын жою туралы;

2) қылмыстық және өзге де құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы;

3) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де жағдайларда ұсыну енгізеді.

2. Ұсыну онда көрсетілген заңдылықтың бұзылуын жою жөніндегі шараларды қабылдай отырып, лауазымды адамның немесе органның - күнтізбелік отыз күн ішінде, ал адамның және азаматтың өмірі мен денсаулығы, мемлекеттің қауіпсіздігі үшін орны толмас зардаптың басталуы мүмкін болған жағдайларда прокурор белгілеген мерзімде қарауына жатады.

Прокурор ұсыну қаралған кезде қатысуға құқылы. Мемлекеттік орган немесе лауазымды адам прокурорды ұсынудың қаралатын уақыты мен орны туралы ұсыну қаралатын күнге дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей хабардар етуге тиіс.

Ұсынуды қарау нәтижелері және қабылданған шаралар туралы ұсыну қаралған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде прокуратураға хабарланады.

 

37-бап. Қаулы

1. Прокурор:

1) Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасында, Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген жағдайларда;

2) тәртіптік іс жүргізуді қозғау туралы;

3) жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу туралы;

4) жедел-іздестіру іс-шараларын және жасырын тергеу әрекеттерін тоқтату туралы;

5) актінің қолданысын тоқтата тұру туралы;

6) заңдылықтың сақталуын тексеруді жүргізу туралы;

7) мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, ұйымдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері, сондай-ақ олардың лауазымды және өзге де адамдары негізсіз жүзеге асыратын тыйым салу не шектеу сипатындағы әрекеттер мен шаралардың күшін жою туралы;

8) күзетпен ұсталатын, бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан, сондай-ақ пробация қызметтерінің есебіне алынған адамдарға қатысты қылмыстық-атқару жүйесінің органдары қолданған тәртіптік жазалар мен көтермелеулердің күшін жою туралы;

9) лауазымды және өзге де адамның актісін немесе әрекетін үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімге тоқтата тұру туралы;

10) сот орындаушыларының заңсыз актілерінің күшін жою туралы;

11) прокурорлық қадағалау актісін мәжбүрлеп орындату туралы;

12) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда қаулы шығарады.

2. Прокурордың қаулысы онда белгіленген мерзімдерде міндетті түрде орындалуға жатады. Қаулыға шағым жасау оның қолданысын тоқтата тұрмайды.

 

2026.11.06. № 305-VIII ҚР Конституциялық Заңымен 37-1-баппен толықтырылды (2026 ж. 23 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді)

37-1-бап. Ұйғарым

1. Заң бұзушылықты жою туралы ұйғарымды прокурор заң бұзушылыққа жол берген не жол берілген бұзушылықты жоюға құқылы мемлекеттік органға, жергілікті атқарушы органға, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне, олардың лауазымды және оларға теңестірілген адамдарына, меншік нысанына қарамастан өзге де ұйымдарға шығарады.

2. Заң бұзушылық айқын сипатта болған, инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзуға алып келуі не инвестициялық қызметті жүзеге асыруға теріс әсер етуі мүмкін болған және ол дереу жойылмаған жағдайда, прокурор заң бұзушылықты жою туралы ұйғарым шығарады.

Ұйғарым нормативтік құқықтық актілерге шығарылмайды.

3. Ұйғарымда Конституцияның, заңдардың, Қазақстан Республикасы Президенті актілерінің бұзылған нормаларына нұсқаулар, құқық бұзушылықтың сипаты және бұзушылықты жою жөніндегі шаралар туралы нақты ұсыныстар қамтылуға тиіс.

4. Ұйғарым прокурор белгілеген мерзімде міндетті түрде орындалуға тиіс.

Ұйғарымның орындалуы туралы прокурорға дереу хабарланады.

5. Прокурордың ұйғарымын орындамау Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа алып келеді.

6. Ұйғарымға жоғары тұрған прокурорға не сотқа шағым жасалуы мүмкін. Ұйғарымға шағым жасау оның орындалуын тоқтата тұрмайды.

7. Жоғары тұрған прокурор немесе сот шағым бойынша шешім қабылданғанға дейін ұйғарымның орындалуын тоқтата тұруы мүмкін.

 

38-бап. Өтінішхат

Заңды күшіне енбеген сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхатты прокурор Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасында, Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасында, Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында және Қазақстан Республикасының әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен енгізеді.

 

39-бап. Арыз (талап қою)

1. Прокурор Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен және негіздерде арызбен (талап қоюмен) сотқа жүгінуге құқылы.

2. Прокурорлық қадағалау актілері қабылданбаған не олар қараусыз қалдырылған кезде прокурор органдардың және лауазымды адамдардың актілерін, шешімдерін және әрекеттерін (әрекетсіздігін) заңсыз деп тану туралы арызбен сотқа жүгінеді.

 

40-бап. Үндеу

Бас Прокурор және оның орынбасарлары, әскери прокуратура және көлік прокуратурасы органдарының басшылары, облыстардың прокурорлары және оларға теңестірілген (республикалық маңызы бар қалалардың және астананың) прокурорлар, аудандық және оларға теңестірілген (қалалық, ауданаралық, сондай-ақ мамандандырылған) прокурорлар заңдылықты және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында лауазымды адамдарға, мемлекеттік органдарға, жеке және заңды тұлғаларға үндеу жасауға құқылы.

Үндеу бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып немесе өзге де жария тәсілмен таратылады.

 

41-бап. Заңды бұзуға жол берілмейтіні туралы түсіндіру

Құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында немесе дайындалып жатқан құқыққа қарсы іс-әрекеттер туралы мәліметтер болған кезде прокурор жеке тұлғаларға және заңды тұлғалардың өкілдеріне Қазақстан Республикасының заңдарын бұзуға жол берілмейтіні туралы жазбаша немесе ауызша нысанда түсіндіреді және оларға Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылық туралы ескертеді.

 

42-бап. Прокуратура актілерін жариялау

1. Бас Прокурордың азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілері Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны қорғау туралы заңнамасының талаптары сақтала отырып, ресми жариялануға жатады.

2. Прокуратура органдары өз қызметінің жариялылығын қамтамасыз ету үшін адамның және азаматтың конституциялық және заңмен қорғалатын өзге де құқықтарын, заңды тұлғалар мен мемлекеттің мүдделерін бұзатын органдар мен лауазымды адамдардың заңсыз әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне прокуратура актілерін бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны қорғау туралы заңнамасының талаптарын сақтай отырып жариялай алады.

 

43-бап. Прокурордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және актілеріне шағым жасау

1. Прокурордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және актілеріне жоғары тұрған прокурорға не сотқа осы Конституциялық заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген жағдайларда және тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.

2. Прокурордың актілері мен әрекеттеріне шағым жасау олардың орындалуын тоқтата тұрмайды.

Сот не жоғары тұрған прокурор прокурордың актілеріне немесе оның әрекеттеріне шағым бойынша шешім шығарғанға дейін олардың орындалуын тоқтата тұруға құқылы.

3. Жоғары тұрған прокурор жеке және (немесе) заңды тұлғалардың шағымы бойынша не өз бастамасымен төмен тұрған прокурордың актілерінің күшін жоя алады, оларды кері қайтара алады, тоқтата тұра алады немесе өзгерте алады.

2023.12.07. № 22-VIІІ ҚР Конституциялық Заңымен 4-тармақпен толықтырылды (2023 ж. 24 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді); 2026.11.06. № 305-VIII ҚР Конституциялық Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2026 ж. 23 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

4. Прокурордың активтерді қайтару мәселелері жөніндегі шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және актілеріне шағым жасау «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.

 

 

6-тарау. ПРОКУРАТУРА ОРГАНДАРЫНЫҢ КАДРЛАРЫ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒДАЙЫ

 

44-бап. Прокуратура органдары кадрларының құрамы

1. Прокуратура органдарының кадрларын прокурорлар және өзге де жұмыскерлер құрайды.

2. Прокуратура органдары жүйесінде қызметте тұрған, офицерлік құрамның сыныптық шені немесе әскери атағы берілген Қазақстан Республикасының азаматы прокурор болып табылады.

3. Мемлекеттік әкімшілік қызметшілер, қатардағы және сержанттық құрамдардың әскери қызметшілері, азаматтық қызметшілер өзге де жұмыскерлерге жатады.

4. Прокуратура органдары жүйесінің сыныптық шендер немесе әскери атақтар, сондай-ақ оларға сәйкес келетін шекті сыныптық шендер немесе әскери атақтар берілетін лауазымдарының тізбесін Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.

5. Прокурорлар осы Конституциялық заңда көзделген ерекшеліктермен Қазақстан Республикасының құқық қорғау қызметі туралы заңнамасына сәйкес қызмет өткереді.

6. Әскери прокуратура органдарының прокурорлары, қатардағы және сержанттық құрамдардың әскери қызметшілері осы Конституциялық заңда көзделген ерекшеліктермен Қазақстан Республикасының әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы заңнамасына сәйкес қызмет өткереді, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері үшін белгіленген мәртебеге ие болады және құқықтар мен жеңілдіктерді пайдаланады.

7. Прокуратура органдарының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері қызметін Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.

8. Әскери міндетті прокурорлар прокуратура органдарында арнайы есепте тұрады.

 

45-бап. Прокуратура органдарын қаржылық қамтамасыз ету

2026.11.06. № 305-VIII ҚР Конституциялық Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2026 ж. 23 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

1. Прокуратура органдарының жүйесін қаржылық қамтамасыз ету бюджет қаражаты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес активтерді қайтаруға қатысты қызмет бөлігінде Арнаулы мемлекеттік қор есебінен жүзеге асырылады.

2. Прокуратура органдарының қазынашылық органдарында тиісті шоттары болуы мүмкін.

3. 2026.11.06. № 305-VIII ҚР Конституциялық Заңымен алып тасталды (2026 ж. 23 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

 

46-бап. Прокурорларды және өзге де жұмыскерлерді материалдық қамтамасыз ету және әлеуметтік қамсыздандыру

1. Прокурорлар мен өзге де жұмыскерлердің еңбегіне ақы төлеу Қазақстан Республикасы Конституциясының 66-бабының 9-1) тармақшасында белгіленген тәртіппен бекітілетін, бюджет есебінен қамтылатын органдар жұмыскерлерінің еңбегіне ақы төлеудің бірыңғай жүйесі негізінде белгіленеді.

2. Прокурорларды зейнетақымен қамсыздандыру, мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар төлеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

3. Прокуратура органдарынан еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алу құқығымен шығарылған прокуратура органдары зейнеткерлерінің, сондай-ақ қызметтік міндеттерін атқару кезінде мертіккен (жараланған, жарақаттанған, контузия алған) және қызметке жарамсыз деп танылған прокурорлардың салтанатты іс-шаралар мен ресми қабылдауларда нысанды киім киіп жүруіне құқығы бар.

 

47-бап. Қызметтік куәліктер және мөр

2023.12.07. № 22-VIІІ ҚР Конституциялық Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2023 ж. 24 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

1. Бас Прокурорға, Бас Прокурордың орынбасарларына, прокуратура органдары ведомстволарының бірінші басшыларына белгіленген үлгідегі қызметтік куәліктерді Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі береді.

2. Бас Прокурор, прокуратура органдарының басшылары бағынысты прокурорларға белгіленген үлгідегі қызметтік куәліктерді береді.

3. Қызметтік куәлік прокурордың жеке басын, оның сыныптық шенін немесе әскери атағын, лауазымын, атыс қаруын және өзге де қаруды алып жүру және сақтау құқығын растайтын құжат болып табылады.

4. Прокуратура органдарының Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген және мемлекеттік тілде және басқа да тілдерде өз атауы жазылған мөрлері болады.

 

 

7-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

 

48-бап. Осы Конституциялық заңды қолданысқа енгізу тәртібі

1. Осы Конституциялық заң, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 9-баптың 16) тармақшасын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

2. Осы Конституциялық заңның 11-бабының 1-тармағы 3) тармақшасының қолданысы 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақша мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:

«3) қылмыстық істерді тергеп-тексеру, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізу, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген мемлекеттік бақылау және қадағалау нысандарын тіркеу және есепке алу процестеріне ақпараттық-коммуникациялық технологияларды ендіруді;».

3. «Прокуратура туралы» 2017 жылғы 30 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының күші жойылды деп танылсын.

 

 

Қазақстан Республикасының

            Президенті

 

            Қ. ТОҚАЕВ

 

Астана, Ақорда, 2022 жылғы 5 қараша

               № 155-VII